2 results
Search Results
Now showing 1 - 2 of 2
Item Open Access Instagram желісіндегі соғыс туралы эмоциялық фреймдердің өзгеруі: Ресей-Украина соғысына қатысты пікірлердің бір жылдық салыстырмалы(SDU University, 2026) Жұмабай А.; Еркімбай А.Бұл зерттеу Ресей-Украина соғысы тақырыбында әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа оқырмандардың қандай бағытта үн қататынын анықтауға бағытталған. Зерттеу нысаны ретінде «Азаттық радиосының» Instagram парақшасында 2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың наурызы аралығында жарияланған 5000-нан астам пікірге сандық контент-анализ жасалды. Медиабұрмалау көбіне тақырып таңдау мен фрейминг арқылы жүзеге асады. Сондықтан бұл зерттеу Роберт Энтман ұсынған фрейминг теориясын аналитикалық негіз ретінде қолданады. Ал Зизи Папачариси сипаттаған «аффективті қоғамдық орталар» тұжырымдамасы пікірлердегі эмоционалды реңкті түсіндіруге мүмкіндік береді. Кевин Коу және басқалары интернеттегі пікірталастардың жиі дөрекі сипат алатынын атап өтсе, бұл зерттеу де аталған парақшадағы пікірлерде ұқсас үрдістердің бар-жоғын тексереді. Зерттеу нәтижесінде пікірлердің басым бөлігі эмоциялық реакция мен саяси поляризация элементтерін қамтитыны, ал конструктивті талқылау сирек кездесетіні анықталды. Сонымен қатар уақыттық динамика тұрғысынан маңызды үрдіс байқалды: 2022 жылғы ерте кезеңде соғысқа қатысты ұстанымдар көбіне гуманитарлық сезімталдықпен және моральдық айыптаумен (соғыстың әділетсіздігі, құрбандар трагедиясы, бейбіт тұрғындарға жанашырлық) күшейсе, 2023 жылы сол позицияның дискурстық өзегі кеңейіп, антиимпериялық және тарихи аргументтермен толыққан. Яғни фрейм үлесі салыстырмалы түрде тұрақты сақталғанымен, бір жыл ішінде оның мазмұны гуманитарлық-эмпатиялық реңктен саяситарихи түсіндіруге қарай ығысқанын көреміз. Бұл қорытындылар соңғы зерттеулер тұжырымдаған ақпараттық тәуекелдер мен идеологиялық жіктелу үрдістерімен үндес.Item Open Access Қаңтар оқиғасының халықаралық медиадағы репрезентациясы: The New York Times пен Financial Times материалдарының фреймдік талдауы(SDU University, 2026) Өскен Д.Бұл мақала 2022 жылғы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасының халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында қалай репрезентацияланғанын фреймдік талдау негізінде салыстырмалы түрде зерттеуге арналған. Зерттеудің негізгі мақсаты – Қаңтар оқиғасының The New York Times және Financial Times басылымдарында қандай интерпретациялық фреймдер арқылы ұсынылғанын анықтау және екі медианың репрезентациялық ерекшеліктерін салыстыру. Аталған басылымдар АҚШ пен Ұлыбританияның жетекші халықаралық медиалары ретінде таңдалып, олардың редакциялық және институционалдық айырмашылықтары зерттеу үшін маңызды контекст ұсынады. Зерттеу әдіснамасы сапалық контент-талдау мен фреймдік талдауға негізделеді. Әр басылымнан бес мақаладан іріктеліп, мәтіндер MAXQDA бағдарламасының көмегімен кодталды. Талдау барысында қауіпсіздік пен зорлықзомбылық, элиталар арасындағы билік үшін күрес, хаос пен тәртіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық наразылықтар, мемлекеттік легитимділік және наразылықтың заңдылығы сияқты негізгі фреймдер анықталды. Бір мәтіндік фрагменттің бірнеше фреймді қатар қамту мүмкіндігі ескерілді және бұл медиадағы күрделі репрезентациялық құрылымды көрсетуге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері The New York Times басылымында қауіпсіздік пен зорлық-зомбылық, хаос және тұрақсыздық фреймдерінің басым екенін, ал Financial Times материалдарында элиталық билік қатынастары, мемлекеттік басқару және институционалдық тұрақтылық фреймдеріне көбірек мән берілгенін көрсетті. Сонымен қатар, екі басылымда да әлеуметтік-экономикалық себептер мен наразылықтың легитимділігі шектеулі деңгейде репрезентацияланғаны анықталды. Мақала нәтижелері халықаралық медиада Қаңтар оқиғасының біртекті емес, әртүрлі интерпретациялық логика арқылы ұсынылғанын көрсетіп, фреймдік талдау әдісінің саяси оқиғаларды зерттеудегі тиімділігін айқындайды.